Астанада зағип балаларға арналған алғашқы түзету орталығы ашылды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада зағип және көру қабілеті нашар балаларға қызмет көрсетуге бейімделген алғашқы психологиялық-педагогикалық түзету орталығы ашылды.

Астанада зағип балаларға арналған алғашқы түзету орталығы ашылды (ФОТО)

Орталық №71 мектеп-гимназиясының ғимаратында орналасқан. Астана қаласының әкімшілігі 450 шаршы метрлік аумақты бөліп, орталықта жұмыс істейтін мамандардың айлық жалақысын төлеуді міндетіне алды. «Дара» қоры өз кезегінде бөлмелерге жөндеу жүргізіп, арнайы қондырғылар, оқу құралдарымен жабдықтады. Орталықта емдеу-дене шынықтыру залы, Монтессори кабинеті, әдістемелік кітапхана бар.

Түзету орталығы ай сайын 50-ге тарта мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетеді. Бірінші кезекте зағип балалар қамтылады. Оларға тифлопедагог, логопед, дефектолог, психолог, хореограф, шынықтыру мамандары мемлекеттік квота арқылы тегін қызмет көрсетеді. Мамандар балалардың тұрмыстық-әлеуметтік дағдыларын қалыптастыруға көмектесіп қана қоймай, оларды балабақша, мектепке даярлайды. Орталықтың педагогтары «Дара» қоры «Самұрық» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен ұйымдастырған тренингтерге қатысып, біліктілігін арттырды. Тренингке жаттықтырушы ретінде Италиядағы психология және психомоторика институтының директоры Франко Баскаини, Ресейдің белді тифлопедагогы Венера Денискина шақырылған.

Мамандардың айтуынша, зағип балалардың басым көпшілігі интелекті дұрыс болып туады. Алайда адам бүкіл ақпараттың 90 пайыздан астамын көз арқылы қабылдайтындықтан, уақыт өте баланың дамуы тежеле бастайды. Ата-аналар арнайы білімі болмағандықтан, өз күшімен бұл мәселені шеше алмайды. Сондықтан да зағип балалар қатарларымен бірдей дамуы үшін білікті мамандардың уақыт жоғалтпай, ерте араласуы өте маңызды.

Осы уақытқа дейін Астанада көру қабілетінен айрылған балаларға білікті көмек көрсететін мекеме болған жоқ. 7 жасқа дейінгі зағип балаларға тұрғылықты жері бойынша әлеуметтік-медициналық-педагогикалық көмек ұйымдастырылмаған. Жағдай биыл ғана өзгере бастады.

Қала тұрғыны Гүлжаһан Иманқұлова Санжар мен Сайдулла есімді егіздердің анасы:

«Біз үшін орталықтың ашылуы көптен күткен оқиға болды. Менің егіздерім төрт жаста. Екеуі де дімкәс болып туылды. Сайдулла мүлде көрмейді. Ол биылдан бастап арнайы балабақшаға баратын болды. Санжар да сал болып туылды, көру қабілеті де өте нашар. Біз ауруханаларда жиі емделеміз. Бірақ баланың ақыл-ойының дамуы үшін бұл жеткіліксіз. Бұл орталық ашылғаны өте орынды болды. Мұнда мамандар балаларды көп нәрсеге үйретеді. Бірнеше күннен бері келіп жүрміз. Санжарға бәрі де қатты ұнайды. Орталықты ашқан азаматтарға, осында жұмыс істеп жатқан мамандарға алғысымызды білдіргім келеді»,- дейді Санжар мен Сайдулла есімді егіздердің анасы, қала тұрғыны Гүлжаһан Иманқұлова.

Өкінішке орай, бұл орталық мүмкіндігі шектеулі балалардың барлығын көмекпен қамти алмайды. Сондықтан ата-аналар болашақта мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған медициналық-әлеуметтік көмек жүйесі жетіле түссе деген тілекте.

Жоба «Дара» қорының және Астана қалалық білім басқармасының қатысуымен, демеушілердің қолдауымен жүзеге асты.