Астанада зағип балаларға арналған көрме ашылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық музейінде зағип және нашар көретін балаларға арналған «Көктем симфониясы» көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Көрменің басты ерекшелігі - балалар мүсіндерді қолмен ұстап, сезіне алады және онда Брайль әріптерімен түсіндірме жазылған.
«Әдетте, музей экспонаттарын қолмен ұстауға рұсқат бермейді. Ал зағип балалар барлық нәрсені қолмен ұстау арқылы «көреді». Наурыз мейрамы қарсаңында бүгін отандық мүсіншілердің туындыларымен танысып, қандай материалдармен жасалғанын көреміз. Брайль әріптерімен жазылған түсіндірмелерді оқимыз. Осылайша, балаларды өнерге бір қадам жақындатқымыз келеді. Олар да қатарластары секілді музейге, концертке барғанды ұнатады, бәрін көріп-білгісі келеді. Сондықтан, мұндай шараларды жиі ұйымдастыруға тырысамыз», - деді Астана қаласының №10 мектеп-гимназиясының мұғалімі, тифлопедагог Сәуле Сағымбаева.
Оның айтуынша, №10 мектеп-гимназия - елордада зағип балаларға білім беретін жалғыз мектеп. Мұнда арнайы сыныптар ашылған. Онда 14 зағип және 172 нашар көретін бала оқиды.
Көрмеге Марат Ғабдрахмановтың «Жауынгер» мүсіні, Валерий Пирожковтың «Бүркітші», Анатолий Посядоның «Табында», Асхат Дінекеевтің «Әуен», Рысбек Ахметовтің «Немере» мүсіндері қойылды. Сонымен бірге, №10 мектеп-гимназияның оқушылары жасаған бұйымдар ұсынылған.
Бұдан бөлек, балалар өлең оқып, ән шырқап, өз өнерлерін көрсетті және Наурыз мейрамының құрметіне музейдің сый-сияпаттарымен марапатталды.