18:05, 12 Наурыз 2009 | GMT +5
Астанада «Заң шығару қызметі: оны жетілдіру жолдары мен проблемалары» атты дөңгелек үстел отырысы өтті
АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Астанадағы «Риксос» қонақүйінде «Заң шығару қызметі: оны жетілдіру жолдары мен проблемалары» атты тақырыпта дөңгелек үстел отырысы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Аталмыш шараға Парламент депутаттары мен министрліктер мен ведомстволар басшылары, танымал ғалымдар мен заңгер мамандар қатысты. Жиынға қатысушылар онда заң шығару саласындағы бүгінгі күні қалыптасқан проблемаларды талқылап, оларды жетілдіру жолдары жөнінде өзара пікір алмасты. Күн тәртібіндегі мәселе жөнінде алғаш сөз қозғаған Әділет вице-министрі Дулат Құсдәулетовтың сөзіне қарағанда, қай саладағы болмасын қоғамдық қатынастарды реттеуде заңның алатын орны ерекше. «Осы тұрғындан алғанда елімізде қабылданатын заңдар тек сапалы ғана емес сонымен қатар заман талабына сай, мемлекет өміріндегі маңызды мәселелерді қамтитындай болғаны дұрыс. Ал заңды жедел қабылдау қажеттігі оның сапасына ешқандай да әсерін тигізбеуі тиіс. Осыған орай Әділет министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, заң шығару жұмысын жетілдіруге бағытталған бірқатар шараларды қолға алғалы отыр», деді вице-министр. Оның сөзіне қарағанда, министрлік бұл мақсаттағы жұмыстарды 2005 жылдан бері жүргізіп келеді. Ал соңғы уақытта ол жүйелі түрде іске асырыла бастаған. «Сонымен қатар, қазір заң жобалары қызметі жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қызметі де белсенді жүргізіле бастады. Нәтижесінде, аталмыш комиссия тек өткен жылдың өзінде ғана 50-ден астам мәжіліс өткізді. Осы орайда айта кететін мәселе, біз биыл заң техникасына қатысты мәселені шешеміз деген ойдамын. Басқаша айтқанда, біз нормативтік-құқықтық актілерді дайындауға қатысты заң шығару процесі барысында баршаға ортақ тәртіп енгіземіз», деді Д.Құсдәулетов. Оның сөзіне қарағанда, министрлік сонымен қатар заң жобаларының типтік құрылымын дайындауды да көздеп отыр. Оған сәйкес, құқықтық мониторингтің жаңа үлгісі енгізіледі. Аталмыш жүйе тек заңнамалық актілерді ғана емес, халықаралық актілер мен өзге де құжаттар бойынша жүйелі сараптау жұмыстарын жүрігізуге мүмкіндік береді.