Астанада заңсыз интернет-казинолар арқылы 188 млрд теңге айналымға түскен
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада заңсыз интернет-казинолардың жұмыс істеуіне жағдай жасаған бір топ адамға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Заңсыз ойын бизнесінің төлем жүйесі арқылы 188 млрд теңгеден астам қаржы айналымға түскен, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.
Агенттіктің Астана қаласы бойынша департаменті «Nomadgames» және «Sultangames» интернет-казинолары мен олардың көшірме сайттарына қатысты тергеуді аяқтады.
Тергеу мәліметінше, ойыншылардан ақша қабылдау үшін төлем ұйымдары, банк эквайрингі, POS және интернет-терминалдар, электрондық әмияндар мен криптовалюта құралдарын қамтитын көпсатылы төлем жүйесі құрылған.
Бұл схемаға банк саласының өкілдері де қатысқан. Олар интернет-казиноларды төлем инфрақұрылымына қосуға, міндетті тексерусіз шарттар жасасуға және интернет-терминалдарға тиісті MCC-кодтарын беруге көмектескен.
– Ақша операцияларының шын мәніндегі мақсатын жасыру үшін олар заңды букмекерлік және өзге де кәсіпкерлік қызмет аясында жүргізілгендей көрсетілген, – деп хабарлады агенттік.
Осылайша электрондық терминалдар арқылы 188 млрд теңгеден астам қаржы айналымға түскен.
Қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру үшін күдіктілердің бақылауындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестік пайдаланылған. Жалған шарт негізінде оның есепшоттарына 10 млрд теңге аударылған.
Кейін бұл қаражат криптовалютаға айырбасталып, күдіктілердің криптоәмияндарына жіберілген. Тергеу барысында жалпы сомасы 19 млн USDT болатын цифрлық активтердің қозғалысы анықталды.
Сот санкциясымен үш пәтерге, алты автокөлікке, сондай-ақ жалпы құны 1,4 млрд теңге болатын криптоактивтер мен банк шоттарындағы қаражатқа тыйым салынды.
Екі күдікті қамауға алынды. Тағы үшеуіне кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қалған екі күдіктіден ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат алынды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте «Bingo-37» және «Lotoboom» платформалары арқылы заңсыз онлайн-казино ұйымдастырған екі адам төрт жылға бас бостандығынан айырылған еді. Екі платформаның жалпы ақша айналымы 3,1 млрд теңгені құраған.