Астанада заңсыз ломбард ашқан кәсіпкер 1 жылға сотталды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада лицензиясыз микрокредит беріп, заңсыз жолмен 82,9 млн теңге табыс тапқан кәсіпкер бір жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты хабарлады.

Ломбарды в Казахстане могут обязать сдавать ювелирный лом аффинажным предприятиям
Фото: Kazinform/ЖИ

Сонымен қатар оның банктік шоттарындағы 3,2 млн теңгеден астам қаражаты тәркіленді. 

Сот мәліметінше, кәсіпкер 2021 жылғы маусымда Астанада жылжымалы мүлікті кепілге қойып, қарыз беретін пункт ашқан. Алайда ол мұндай қызметті жүзеге асыруға қажетті лицензия алмаған.

Кәсіпкер қызметін заңды етіп көрсету үшін клиенттермен комиссиялық шарттар жасасқан. Іс жүзінде ол азаматтарға мүлкін кепілге қою арқылы қарыз беріп отырған. Қарыз сомасына күніне 0,2-0,8 пайыз аралығында үстеме есептелген. Ал төлем мерзімі өтіп кетсе, пайыздық мөлшерлеме екі есе артқан.

Кәсіпкер қаржылық операцияларын есепке алу үшін «Smart Lombard» ақпараттық жүйесін пайдаланған. Алайда қызметін заңдастыру үшін лицензия алуға өтініш бермеген.

Тергеу барысында оның банктік шоттарына жалпы сомасы 339 млн теңгеден астам қаражат түскені анықталған. Оның 82,9 млн теңгесі заңсыз табыс деп танылған.

Сотта кәсіпкер кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінген. Ол іс бойынша анықталған мән-жайлар мен заңсыз табыс сомасына да дау айтпаған.

Сот қандай жаза тағайындады?

Сот кәсіпкердің кінәсін мойындап, өкінгенін ескергенімен, заңсыз тапқан ақшасының өтелмегенін де назарға алған.

— Нәтижесінде оған мүлкін тәркілей отырып, екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Алайда 2026 жылғы 1 шілдедегі рақымшылық жасау туралы заңға сәйкес, жаза мерзімі екі есе қысқартылып, бір жылға дейін азайтылған. Бұдан бөлек, сотталған азаматтың банктік шоттарындағы жалпы сомасы 3 293 117 теңге қаражаты тәркіленген. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ, — делінген хабарламада.

Бұған дейін «Альби» ломбардтар желісі заңсыз қызметтен 146 млн теңгеден астам табыс тапқанын жаздық.