Астанада заңсыз салынған нысан бұзылады

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы заң талаптарын бұза отырып салынған заңсыз тұрғын жай емес нысан бұзылады. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Астанада заңсыз салынған нысан бұзылады
Фото: Астана әкімдігі

Астана қаласының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы (МСҚБ) жоспардан тыс тексеру жүргізгеннен кейін нысан иесіне қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген.

Сот шешімімен нысан иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, нысанды мәжбүрлі түрде сүру туралы шешім қабылданды. Қазір басқарма Әділет департаментімен бірлесіп, сот шешімін орындау шараларын жүргізіп жатыр.

Жыл басынан бері басқарма 497 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, заң бұзушылықтарды жою туралы 243 нұсқама берген. Сондай-ақ жалпы сомасы 343 миллион теңгеден асатын 860 әкімшілік айыппұл салынған.

— Елорда тұрғындарына сәулет, қала құрылысы және құрылыс талаптарын сақтау мәселесі ескертіледі. Заңсыз құрылыс жүргізіп, белгіленген нормаларды бұзғандар заң бойынша жауапқа тартылады, — делінген ақпаратта.

Айта кетейік, Алматыда заңсыз салынған кезекті нысандар бұзылып жатыр.