Астанада заңсыз қойылған сауда павильондары мен дүңгіршектер бұзылуда

АСТАНА. 20 мамыр. ҚазАқпарат - Елорданың Алматы ауданында заңсыз сауда жасаумен күрес қарқынды жүргізілуде.

Астанада заңсыз қойылған сауда павильондары мен дүңгіршектер бұзылуда

Астана қаласының ресми сайтының хабарлауынша, мемлекеттік жер телімдерін өздігімен иелену заң бұзушылығын тоқтату мақсатында Алматы ауданының ІІБ және прокуратурасы бірлескен іс-шараларды жүйелі түрде өткізіп тұрады.

Әкімдіктің мәліметі бойынша, бір айдың ішінде, атап айтқанда, биылғы жылдың сәуірінен мамырына дейін ауданда 38 сауда павильоны мен дүңгіршегі бұзылды. Жыл басынан бері заңсыз қойылған жер телімдерінен 119 дүңгіршек пен 2 автодүкен алынды.

«Аудан кәсіпкерлерінің есіне салғымыз келетіні, жерді заңсыз иеленуге тыйым салынған. Мұндай келеңсіздік орын алған жағдайда ҚР Әкімшілік кодексінің 118-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 50-ден 150 АЕК көлемінде айыппұл салынады»,- деп атап көрсетті әкімдіктен.