Астанада «Зергер» қолөнер көрмесі ашылды
АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат - 2017 жылы елімізде өткелі отырған халықаралық «ЕХРО-2017» көрмесінде тек экономикамызды ғана емес, мәдениетімізді де, білімізді де, өнерімізді де паш ететін мүмкіндік туады.
Бұл туралы бүгін Астанадағы «Назарбаев орталығында» ашылған «Зергер» атты зергерлік өнер көрмесінің ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай айтты.
«Қазіргі заманғы зергерлік өнер жұмыстарының көпшілігі әр түрлі техника көмегімен жасалып жүр. Дегенмен шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар - зергерлік өнеріміздің құнды ескерткіштері болып қала бермек. Осы ретте бүгінгі ашылып отырған «Зергер» көрмесі қазіргі заманғы отандық зергерлік өнерді жаңа белеске шығарған айшықты да тартымды қолөнер туындыларын топтастырады. Өздеріңіз білесіздер, 2017 жылы елімізде өткелі отырған халықаралық «ЕХРО-2017» көрмесінде тек экономикамызды ғана емес, мәдениетімізді де, білімізді де, өнерімізді де паш ететін мүмкіндік туады. Соған осы бастан әзірленіп, осындай қолөнер туындыларын көптеп дайындауымыз керек», - деді Д. Мыңбай.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күні мерекесіне орай ашылған көрмеге Берік Әлібай, Естай Даубаев, Надырбек Жээренчиев, Үсен Сейдалиев сынды зергерлік өнерінің хас шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдар қойылған. Олардың ішінде алтын жалатылып, түрлі бағалы тастармен әшекейленген қару-жарақ, қылыш, қанжар, айбалта, сондай-ақ аса таяқтар бар. Сонымен қатар, алтын домбыра, күміс ер-тұрман және әйелдердің асыл бұйымдары да бар.