Астанада Ж.Ахметбековтың республикалық сайлауалды штабы ашылды

АСТАНА. 3 наурыз. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Астанада Қазақстанның халықтық коммунистік партиясының өкілі, президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбековтың республикалық сайлауалды штабы ашылды. Осыған орай Коммунистік партия өкілдері арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырды.

 Астанада Ж.Ахметбековтың республикалық сайлауалды штабы ашылды

Ж.Ахметбековтың айтуынша, сайлауалды науқан барысында ол және оның үгіт-насихат топтары еліміздің шалғай өңірлерін аралап, әлеуметтік жағынан аз қорғалған азаматтардың өзекті мәселелерін көтеретін болады. «Біздің негізгі мақсатымыз - халықтың үнін үкіметке жеткізу. Біз партияның қатарына азаматтарды көптеп тартуды көздемейміз. Біз қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуды қолдаймыз», - дейді Ж.Ахметбеков.

Ж.Ахметбековтың республикалық сайлауалды штабының жетекшісі қызметіне Коммунистік партияның Солтүстік Қазақстан облыстық комитетінің бірінші хатшысы Дәукен Темірбаев тағайындалды.

Айта кетейік, президенттіктен үміткер Ж.Ахметбековтың кандидатурасы ақпанның 14-і күні Қазақстанның халықтық коммунистік партиясының атынан ұсынылған болатын. Ақпанның 25-сі күні оның атына сайлаушылардың 95 мыңнан астам қолы жиналып, ақпанның 26-сы күні Ж.Ахметбеков Орталық сайлау комиссиясының ресми тіркеуінен өткен болатын.