Астанада жалған қоңырау салдарынан екі пойыз ескі вокзалға жіберілді

Бүгін «102» телефон қызметіне «Астана-Нұрлы жол» вокзалына жарылғыш зат қойылды деген қоңырау шалынды. Аталмыш ақпаратты вокзал әкімшілігіне лаңкестікке қарсы күрес орталығы хабарлап, жолаушылар мен вокзал қызметкерлерін сыртқа шығаруға тура келді.
Ақпараттық жүйе арқылы жолаушыларға жедел түрде сабыр сақтап, ғимараттан сыртқа шығу туралы хабарланды. Төтенше жағдай туғандағы өзара іс-қимыл жоспарына сәйкес, жарылғыш заттарды тауып, залалсыздандыру жөніндегі құқық қорғау органдарының қызметкерлері келіп жетті.
Жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен жолаушылар пойыздарының кешігуін болдырмау үшін екі пойыз Астана-1 вокзалына бағытталды. №4 «Астана-Алматы-2» пойызы 1 сағат 11 минутқа кешігіп аттанды. Алайда соңғы стансаға кестеден кешікпей жету көзделіп отыр.
Қазіргі кезде «Астана-Нұрлы жол» вокзалы жұмысын қалыпты жағдайда жалғастыруда.