Астанада жалған құжатпен пәтер сататын алаяқтар жүр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық полицейлер қаладағы элиталы тұрғын үй кешендерінің пәтерлерін жалған құжат жасау арқылы сатып, ірі көлемде пайда тапқан күдіктіні ұстады. Бұл жайында Астана қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Есіл аудандық ішкі істер басқармасы криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру барысында алаяқтық жасады деген күдікпен Шығыс Қазақстан облысының 35 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол жалған құжаттар жасау арқылы элиталы тұрғын үй кешендерінің пәтерлерін қайта рәсімдеп сатқан. Полицияға «Лессор 2020» ЖШС-нан белгісіз адамның «Солтүстік шұғыласы» тұрғын үй кешеніндегі пәтерді қайта рәсімдеп, 44 млн теңгеге сатқаны туралы шағым түскен. Дәл осындай тәсілмен аталған кешендегі тағы бір пәтер 45 млн теңгеге сатылған. Жедел іздестіру шарасы барысында  күдіктінің өткен жылдың қазанында Достық көшесі бойындағы пәтерді қайта рәсімдеп, 86 млн теңгеге сатқаны анықталды», -  делінген таратылған ақпаратта.

Ұсталған күдікті Астана қалалық ІІД уақытша оқшаулар орталығына  қамалды. Жедел тергеу шаралары жүргізілуде.  ҚР ҚК «алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынған.

Астана қалалық ішкі істер департаменті азаматтарға сақ болуды, құжаттарды үшінші тұлғаларға бермеуді және алаяқтардың сөзіне алданып қалмауды ескертеді.

Егер алаяқтың құрбанына айналсаңыз мына телефон нөмерлеріне хабарласыңыз: 8 (7172) 71-65-51, 8 (7172) 71-65-50, ұялы тел.: 8 775 215 47 38.

Соңғы жаңалықтар