12:49, 21 Маусым 2016 | GMT +5
Астанада жалған лаңкесті 1,5 жылға соттады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана тұрғыны лаңкестік әзірленіп жатқаны жайлы жалған хабарлама үшін 1,5 жылға сотталды.

Астана қаласы Алматы ауданының №2 сотында ҚР ҚК 273-бабы (лаңкестік туралы көрінеу жалған хабарлама) бойынша Б.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сот талқылауы барысында 2016 жылғы 24 наурызда Б. мас күйінде Астана қаласы ІІД Жедел басқару орталығына қоңырау шалып, лаңкестік акті дайындалып жатқаны туралы жалған хабарлама берген.
«Өзінің қылмыстық әрекетімен сотталушы ІІД, ТЖД арнайы қызметтері және «Қалалық жедел медициналық көмек стансасы» ШЖҚ-дағы МҚК атынан мемлекетке материалдық шығын келтірді», - деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметі.
Сот үкімімен ер адам айыпты деп танылып, оған 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.