Астанада жалпықалалық экологиялық сенбілік өтеді (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана-Зеленстрой» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Жарқын Жұмағұловтың айтуынша, бұл маусымдағы алғашқы сенбілік осы сенбі, 18 сәуір күні басталатын болады, деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Астанада жалпықалалық экологиялық сенбілік өтеді  (ФОТО)

- Экологиялық сенбілік қала әкімінің қаулысымен 13 сәуірден 13 мамырға дейін жарияланған болатын. Жалпықалалық сенбілік 18 сәуір күні өтеді, барлық мекемелер, шағын және орта бизнес өкілдері, мемлекеттік кәсіпорындар қаланы көгалдандыру мен санитарлық тазарту үшін көшеге шығатын болады. Кәсіпорындар 2300-ден астам ағаш көшетін дайындап, отырғызу үшін қара топырақ жеткізіп қойған, - деді «Астана-Зеленстрой» АҚ басқарма төрағасы Жарқын Жұмағұлов. Жалпықалалық сенбіліктер өтетін бір ай ішінде 2 мыңнан астам ірі ағаш отырғызу жоспарланып отыр. «Алматы» ауданында Есіл өзенінің бойындағы саябақта 500 көшет, №46 көше бойына 611 көшет; «Есіл» ауданында - «Хан Шатыр» СОО іргелес аумаққа 750 көшет, Ильинка кентінде 224 көшет; Сарыарқа ауанында Тілендиев даңғылының бойына 231 көшет, сондай-ақ аудан әкімдіктері жалаң тамырлы 1690 түрлі бұта көшетін отырғызбақ.