Астанада жалпықалалық сенбілік өтеді

АСТАНА. 9 қыркүйек. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Қыркүйек айының алдағы 24-і күні Астана қаласында «Біз - таза қала үшін!» ұранымен жалпықалалық сенбілік өтеді. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Астанада жалпықалалық сенбілік өтеді

Жалпықалалық сенбілік 2011 жылдың 10 қыркүйегі мен 10 қазаны аралығында Астанада өткізілетін экологиялық айлық аясында өтеді.

Жұмыстарды тиімді үйлестіру үшін қала әкімінің орынбасары Василий Крыловтың басшылығы етуімен экологиялық айлықты, коммуналдық және жалпықалалық сенбіліктерді өткізу жөніндегі арнайы Қалалық штаб құрылды.

Алдын-ала мәліметтер бойынша, жалпықалалық сенбілікке 80 мыңнан астам тұрғын, 4500 кәсіпорын, ұйым және мекемелердің жұмыскерлері қатысады. Бұл күні 3,5 мың түп ағаш егу көзделіп отыр. Жұмыстарға 300-ден астам техника жұмылдырылатын болады.

Бір айдың ішінде 177 ластанған орын мен жаңадан пайда болған қоқыс орындары тазартылып, 693 текше метр қоқым-соқым қала сыртына шығарылады.

Қаланы абаттандыру және тазарту бойынша негізгі жұмыстарды «Астана-Жасылқұрылыс» АҚ, «Астана Тазалық» АҚ, «Астана Қалалық коммуналдық шаруашылығы» ЖШС, «Астана тазарту» ЖШС, «Астана -Жылутранзит» АҚ, «Астана РЭК» АҚ, «Астана су арнасы» ҚКК, «Астана орманы» ЖШС, «Қалалық жарық» ҚКК, «Елорда Жарнама» ЖШС, «Техсервис Астана НС» ЖШС және тағы басқа да қалалық қызметтер атқаратын болады.

Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындарын әрбір үйдің ауласы мен көшесінде жүргізілетін жалпықалалық сенбілікке белсенді атсалысуға шақырады.