Астанада «Жан шуақ» қоғамдық жүлдесі тапсырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Жан шуақ» қоғамдық жүлдесін тапсыру салтанаты өтті. Оған партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Парламент депутаттары, мемлекеттік орган өкілдері және белсенді азаматтар қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Партияның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, «Жан Шуақ» сыйлығы 2008 жылы «Қазақстан мүгедектер конфедерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы және оның бірінші президенті Иран Омарбековтің бастамасымен тағайындалған жүлде. Содан бері жүлде тағдыр сынына тап болса да, төзімділігімен талайға үлгі болып, әр салада белсенділігімен танылған азаматтарға беріліп келеді. 10 жылдың ішінде еліміздің әр өңіріндегі мүмкіндігі шектеулі 60 азамат аталған сыйлықпен марапатталды. Сондай-ақ сыйлық ерекше қажеттілігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал еткен тұлғаларға да беріледі. Қоғамдық жүлде партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

Барша қатысушылар мен сыйлық иегерлерін құттықтаған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары мұндай іс-шаралардың табандылық пен төзімділіктің, қажырлық пен қайсар рухтың, мейірімділік пен ізгіліктің жарқын көрінісі екенін айтты. Сонымен бірге ол соңғы айларда «Нұр Отан» партиясы өз қызметін жаңғырту мақсатында көптеген игі істерді қолға алып, нақты жобалар мен тың бастамаларға басымдық беріп отырғанын жеткізді.

«Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету - Елбасы айқындап берген басымдықтарымыздың бірі. Осы бағытта соңғы жылдары «Кедергісіз келешек» жобасын жүзеге асырып келеміз. Биыл партия Төрағасының тапсырмасымен партия қызметін жаңғырту аясында аталған жобаны жандандырып, жаңаша жүзеге асыруды қолға алдық. Соның аясында мүмкіндігі шектеулі жандардың инклюзивті білім алуларына ықпал ету, жұмысқа орналасуларына қолдау көрсету, қоғамдық жерлерде кедергісіз орта қалыптастыру және олардың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени және спорттық шараларға қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған нақты жұмыстарды бастап кеттік. Алдағы уақытта осы басымдықтар бойынша одан әрі белсенді жұмыс істейміз. Сол жолда үкіметтік емес ұйымдармен және қоғамдық бірлестіктермен күш біріктіруге дайынбыз», - деді Мәулен Әшімбаев.null 

Өз кезегінде Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан мүгедектер конфедерациясының президенті Жанат Омарбекова бұл іс-шараның басты мақсаты әрбір қазақстандықтың назарын осы мәселеге аударып, адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету екенін жеткізді.

Жүлде иегерлерін Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен, Парламент Мәжілісінің депутаттары Павел Казанцев, Жәмилә Нұрманбетова және Меруерт Қазбекова арнайы құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Дәстүр бойынша «Жан Шуақ» сыйлығының лауреаттары 7 аталым бойынша берілді. Атап айтқанда, «Орындаушылық өнер» аталымы бойынша жүлдеге республикалық және халықаралық ән байқауларында топ жарып жүрген әнші Алтыншаш Мұқатаева лайық деп танылды. Сондай-ақ «Арбада отырып билеу» аталымында - аталған спорт түрінен Қазақстан кубогының иегері, халықаралық сайыстардың жеңімпазы Айдана Нұртазина, «Қоғамдық қызмет» аталымында - «Жандану» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Зайтжан Юлдашев, «Қолданбалы өнер» аталымында - ағаш шебері, түрлі балалар ойыншығының авторы Надир Ярмагамбетов, «Аспаппен орындау» аталымында - саусақтарынан айырылса да саксафонды жанына серік еткен әлемдегі жалғыз музыкант Илья Цибульский, «Спорт саласындағы жетістіктері үшін» аталымында - нашар көретін және мүлдем көрмейтін жандарға арналған «Шекарасыз спорт» әлеуметтік жобасының жетекшісі Бақтияр Базарбеков және «Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсартуға қосқан үлесі үшін» аталымында «Қазақстан Республикасындағы Тель-Авив университетінің достары» заңды тұлғалар бірлестігі «Жан шуақ» сыйлығын алды.

Одан бөлек, белсенділігімен көзге түскен бірқатар мүмкіндігі шектеулі жандар партияның Алғыс хаттарымен марапатталып, құрметке бөленді.

Айта кетейік, іс-шара аясында қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі өтті. Онда еліміздің әр өңіріндегі мүмкіндігі шектеулі жандардың қолынан шыққан түрлі бұйымдар көпшіліктің назарына ұсынылды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум