Астанада жаңа бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығы ашылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын іске асыру аясында жаңа «Достық» БМСК орталығы ашылды.
Орталық заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталып, бір ауысымда 150 адамды қабылда алады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен. Сондай-ақ орталық базасында халыққа шұғыл медициналық жәрдем көрсететін 3 бригадалық жедел медициналық жәрдемнің қосымша стансасы жұмыс істей бастады. Жаңа орталықтың ашылуы №7 қалалық емхана жүктемесін азайтып, шойын құю зауыты ауданы мен өндіріс тұрғын алабының шет аумақтарының халқын қолжетімді медициналық жәрдеммен қамтамасыз етеді. Орталықта флюорографиялық құрылғы, науқастарды ультрадыбыстық тексеруге арналған стационарлық аппарат, зертханалық және физиотерапиялық аппараттар орнатылған. «Бұл жерде жалпы практикалық дәрігерлердің қабылдаулары ұйымдастырылған. Түрлі зертханалық зерттеулер жүргізіліп, процедуралық және екпе жасау кабинеттері, күндізгі стационар, яғни, халықаралық тәжірибеге сай БМСК орталығындағы барлық қажетті ем шаралары жүргізіледі», - деді елордалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айгүл Сегізбаева. Орталықтың ашылуы қазіргі таңда медициналық мекемеден таршылық көріп отырған «Өндіріс» тұрғын алабы тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің көлемін кеңейтіп, қолжетімділігін арттыра түседі. «Достық» БМСК орталығы Ж.Досмұхамедұлы көшесі, 24 үй мекенжайы бойынша орналасқан.