Астанада жаңа Отбасылық денсаулық орталығы ашылды

№4 қалалық емхананың жалпы тәжірибедегі дәрігерлер бөлімшесі (Шипагер) жаңа ғимаратта отбасылық денсаулық орталығы болып қайта құрылды. Бұрынғы ЖТД бөлімшесі 408 шаршы метр аудандағы орынжайда орналасқан және бала мен ересектерге қызмет көрсетуге бөлінбеген болатын.
Жаңа Отбасылық денсаулық орталығы Перинаталдық орталық блоктарының бірінде орналасқан және 2428 шаршы метр жерді алып жатыр. Бұл жерде қаланың 32 мың тұрғынына, соның ішінде 9 мың бала мен 15 мың фертильді жастағы әйелге медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсетіледі.
«Бүгін тұтастай денсаулық сақтау саласы мен қаланың сол жағалауындағы тұрғындар үшін қуанышты оқиға, 250 кісіге арналған Отбасылық денсаулық орталығы ашылды. Мұнда балаларға арналған жеке кабинеттер, егу және салауатты өмір салтын сақтау кабинеттері ашылды. Яғни, бұл жерде халықаралық тәжірибеде қолданылатын нағыз отбасылық денсаулық орталығының барлық қажетті атрибуттары бар», - деді astana.kz сайтына берген сұхбатында елордалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айгүл Сегізбаева.
Тұрғындарды қабылдау үшін Орталықта дәрігерлік қабылдау жүргізілетін учаскелік жалпы тәжірибедегі дәрігерлерге 16 кабинет ұйымдастырылған. Бұдан басқа, фтизиатр кабинеті, дені сау бала кабинеті, 2 егу кабинеті, функционалдық диагностика кабинеті және клиникалық-диагностикалық зертхана ашылған, сондай-ақ салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинеті ашылған.
«Отбасылық денсаулық орталығында балаларға кеңес беріледі. Сонымен қатар, күні бойы қан, несеп және биоматериалдар талдауын жүргізетін зертхана жұмыс істейді. Дәрігерге дейінгі қаралу және скринингтік кабинеттер болады», - деді astana.kz сайтына Отбасылық денсаулық сақтау орталығының міндетін атқарушы Гүлнар Амрина.
Айта кетейік, Орталықты ашу қаланың сол жағалауында көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін жоғарылатуға және көлемін ұлғайтуға ықпал етеді, қазіргі уақытта ол жерде емханалық ұйым жетіспейді. Ол жақын орналасқан Пригородный, Тельман, Заречный кенті мен саяжай учаскелеріне тіркелген тұрғындарға қызмет көрсетеді.
Жаңа Отбасылық денсаулық орталығы Рысқұлов көшесі, 8 мекенжайында Перинаталдық орталық блоктарының бірінде орналасқан.