Астанада жаңа су құбырының құрылысы аяқталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада құрылысы жүріп жатқан «Мыңжылдық» аллеясының және жаңа теміржол вокзалының ауданын сумен жабдықтау үшін Б. Момышұлы көшесінде жаңа су құбыры (Д = 500 мм) салынды. Бұл туралы әкімдіктің ресми сайтында хабарлады.
Оны іске қосу бойынша жұмыстар Астана тұрғындары үшін туындайтын қолайсыздықтарды барынша төмендету мақсатында 2016 жылдың 25 қарашасында сағат 00.00-ден сағат 07.00-ге дейін жүргізіледі.
Б. Момышұлы даңғылы мен М. Төлебаев көшесінің қиылысында су құбырын қосу жұмыстарын жүргізу барысында сағат 00.00-ден бастап, 07.00-ге дейін келесі учаскелерде су беру тоқтатылады: Министрліктер үйі, Парламент, Президент істері басқармасы автошаруашылығы, Медициналық кластер, ҚР Президент істері басқармасы Медициналық орталығының ауруханасы, №3 перзентхана, ІІД госпиталі, балалар жұқпалы аурулар ауруханасы, қан орталығы. Сондай-ақ, әуежай; «ЭКСПО-2017» аумағы; «BI-Village», «Family Village» кешендері; «Саранда», «VIP Саранда» ТК, сондай-ақ, Сауран, Сығанақ, Түркістан, Керей мен Жәнібек хандар көшелеріндегі тұрғын үй кешендеріне су беру тоқтатылады. Сонымен қатар, Пригородный, Тельман, Заречный, Өндірістік, Железнодорожный кенттерінде және №16 өрт сөндіру бөлімінде, №1 қалалық ауруханада, №2 қалалық ауруханада су уақытша болмайды. Есіл ауданының қалған бөлігінде Тұран және Қабанбай батыр даңғылдарын қосқанда су құбыры қысымы төмендеуі мүмкін.
Сонымен қатар, шұғыл әрекет ету қызметтерінде судық қажет қоры болады.