Астанада жаңа жылдық концерт өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM - Жаңа жыл қарсаңында, яғни 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні Астананың үш ашық алаңында мерекелік концерттер ұйымдастырылып, онда эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп жатыр, деп жазды қала әкімдігінің ресми сайты.
Елорданың алты ауданында мұз айдындары, сырғанақтар, безендірілген шыршалар, шағын архитектуралық мүсіндер, фотоаймақтар және т.б. қазірдің өзінде қала тұрғындарының қуанышына айналды.

Отандық эстрада жұлдыздары қалалық алаңда, ЭКСПО халықаралық көрме орталығының алдында және «Қазақ елі» монументі жанындағы алаңда хит әндерін орындап жатыр.

Әншілердің қатарында Алмас Кішкенбаев, Ayree, Еркеш Хасен, Бейбіт Қорған, Қайрат Баекенов, Зарина Омарова, Ильхан Ихсан, Құрмаш Махан, Маржан Арапбаева, Әлішер Кәрімов, «Заман» және «Меломен» топтары, Әділет Жауғашар, Алтыншаш Мұқатаева, Қаракесек және басқа да өнер қайраткерлері бар. Мерекелік концертке кез келген адам қатысып, көңіл көтере алады.

Концерттер түнгі сағат 2-ге дейін өтеді.

Президенттің жаңажылдық құттықтауын Астана мен Алматы тұрғындары LED экрандардан тыңдағанын жазған болатынбыз.