Астанада жаңадан 3 медициналық орталық салынады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың шағын аудандарында бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 3 орталық салу жоспарлануда.
Бұл жайында Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Таратылған ақпаратта қалалық басқарманың бизнес өкілдерін денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларына қатысуға шақыратындығы айтылған.
«Мынадай 4 концессиялық жоба әзірленді: бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 3 орталықты (Железнодорожный, Көктал және Өндіріс) салу және пайдалануға беру, сонымен қатар №1 емхананы жаңғырту. Егер сізде аталған ауданда медициналық нысан салуға мүмкіншілік болса, онда өзіңіз жайында мәлімет беріп, жобаға қатыса аласыз», - дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасы бизнесмендерге арналған үндеуінде.