Астанада жаңадан құрылатын ауданға Нұра атауы берілді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жетінші шақырылған Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында елордада құрылған жаңа ауданға атау берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2022 жылғы 1 желтоқсанда Астана қаласы ономастикасының кезекті отырысы өтті. Онда елорда өміріндегі маңызды мәселелердің бірі – жаңа ауданның атын қою және бірнеше құрамдас бөліктерге ат беру мәселесі талқыланған.

«Өздеріңіз жақсы білесіздер, қаламызда бесінші аудан құру мәселесі біраздан бері көтерілді. Бұл жөнінде қаладағы зиялы қауыммен, аға буынмен ақылдастық, еліміздің тарихына, жер-су географиясына қатысты мәліметті қарастырдық. Соңында екі негізгі ұсынысты ономастика комиссиясының күн тәрбітіне алып шықтық. Соңында Нұра атауы таңдалды», - деді Қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп мәслихат отырысында.

Жаңа ауданға қатысты екінші ұсыныс – Қараөткел атауы болған. Бұл жөнінде лингвистер қазақ тілі ғылымында екі дауысты дыбыстың қатар келуі дұрыс емес деп сын айтқан.

«Нұра – Ақмола облысы аумағындағы өзен, ұзындығы мың шақырымға жуықтайды, екі жүздей саласы бар, Қарқаралы тауынан басталып, Қорғалжындағы Теңіз көліне келіп құяды. Нұра – тарихымыз бен географиямыздағы маңызды өзендердің бірі, Есіл мен Нұра «қос өзен» деп те аталған. Осы бір символдық мәнді қарастырып, сол жағалауда Қабанбай батыр даңғылы мен Есілдің бір жағында Нұра ауданы болса, егіз ұғым болады деген тоқтамға келдік. Жалпы қос өзен мәдениеті елімізде ғана емес, әлемде бар – Ефрат пен Тигр, Еділ мен Жайық, Сырдария мен Әмудария, Шу мен Таластың ортасында Қазақ хандығы құрылғанын білесіздер. Осы себепті Нұра мен Есілді қатар қойдық», - деді Сәкен Есіркеп.

Мәслихат депутаттары бұл ұсынысты мақұлданды және құжат Үкімет жанындағы республикалық ономастикалық комиссияға жіберілді.


Соңғы жаңалықтар