Астанада Жанай Омаровтың жаңа кітабы таныстырылды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, «Нұр Медиа» холдингінің бас директоры Жанай Омаровтың «Время, которое живет в нас» кітабының тұсаукесері өтті.
Кітапқа автордың баспа басылымдарында шыққан таңдаулы мақалалары мен сұхбаттары, деректі фильм сценарийлері, әр жылдары жарыққа шыққан жекелеген мәтіндері енді.
«Бұл кітапты шығару идеясының пайда болғанына да көп болған жоқ, екі атаулы күннің жақындап қалғанын ойға алғанда, жазылған, жарыққа шыққан дүниелерден қорытынды шығару қажеттілігі туындағанын сезіндім. Бұған 1994 жылғы «Панорама» газетіне шыққан кішкентай мақаламнан бастап 20 жыл ішінде жинақталған таңдаулы туындыларым кірді. Басты тақырып, әрине, елдің әлеуметтік-экономикалық, саяси дамуы, елдің қалыптасуындағы Ұлт көшбасшысы - ҚР Тұңғыш Президентінің тарихи рөлі болды», - деді Ж. Омаров.
Автор өз кітабында мемлекеттік, қоғамдық құрылымдарда, бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзінің жұмысымен байланысты ойлар мен естеліктерді бөліседі. Бұл оқырман қауымға автордың тәжірибесі мен әсері арқылы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы жолындағы жылдардың айқын бейнесін паш етеді.
«Бұл естеліктер мен үшін өткен мен бүгін арасындағы көпір іспеттес және маған, енді қазір оқырмандарға да көптеген оқиғалар мен адамдар жайлы естеліктерді еске алу мүмкіндігін сыйлайды», - деп қосты ол.