Астанада жапон қуыршақтары мен кимоно көрмесі ашылды

АСТАНА. Қазақпарат - Астанадағы Тұңғыш Президент музейінде "Жапония қуыршақтары, кимоно және бұйымтайлары" атты көрме ашылды. Екі залға қойылған коллекция түгелдей Қазақстан Республикасындағы Жапонияның Төтенше және Өкілетті Елшісінің жұбайы Камохара ханымға тиесілі.

Астанада жапон қуыршақтары мен кимоно көрмесі ашылды

"Көрмеге қойылған коллекция түгелдей, кимоно болсын, хаори болсын, қуыршақ болсын - барлық жəдігер Қазақстан Республикасындағы Жапонияның Төтенше жəне Өкілетті Елшісі Масаеси Камохара мырзаның жұбайы Джомхо Камохара ханымның жеке заттары. Музейіміз "Мәдениет арқылы үн қату" атты халықаралық жоба аясында Жапония елшілігімен бірлесе осындай көрме ұйымдастырды. Көрме сіздерді жапон халқының жұмбағы көп мәдениетімен таныстыра түседі деген сенімдемін. Жапон халқы қолымен жасайтын қуыршақтардың өзінде осы халықтың тəрбиесі мен мəдениеті астарланған", - дейді Музей директоры Алма Сағынғали.

Ал, еліміздегі Жапонияның Төтенше жəне Өкілетті Елшісі Масаеси Камохараның айтуынша, бүгінгі көрме жапон халқының ұрпақтан ұрпаққа келе жатқан бай дәстүрімен, халықтың тұрмыс-тіршілігімен тікелей байланысты.

"Бүгін көрмеге қуыршақтар да қойылды деп жатырмыз. Бірақ бұл балалар ойнайтын кәдімгі қуыршақ емес. Халқымыз үшін қуыршақтардың орны бөлек. Жапония наурыз айында "Қуыршақтар мерекесін" тойлайды. Жəне де əр жапон отбасында жыл мезгілдеріне қарай үйді қуыршақтарға толтырып отыратын дəстүр бар. Яғни, Жапонияда қуыршақ - халық өнерінің бір көрінісі жəне халықтың рухани көркем байлығы. Қуыршақ жасайтын шеберлер осы жұмысқа жан-тəнін салады. Қазіргі заманда да халқымыз қуыршақтарды қатты бағалайды. Солардың бірі - менің əйелім. Өзінің осы көрмесі арқылы қазақ халқына жапон қуыршақтарының əсемдігі мен көркемдігін көрсеткісі келді", - дейді елші.

Жалпы, көрмеде жапон халқының ұлттық киімі - кимононың түр-түрі, сондай-ақ, хаори мен желпуіштердің де сан түрі ұсынылған. Көрме 28 қыркүйекке дейін жалғасады, ал, 16-25 қыркүйек аралығында (сенбі-дүйсенбі күндерінен басқа күндері) сағат 14.30-15.30 аралығында оригами (қағаздар жасалатын бұйым) жасап үйренемін деушілерге мастер-класс ұйымдастырылады.