Астанада жарамсыз автобустарды жолға шығарған лауазымды тұлғалар жауапқа тартылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 29-31 қаңтар аралығында Астанада жүргізушілердің көлік басқару тәртібін күшейту мақсатында «Автобус» жедел алдын алу шарасы өтуде, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Жол-патрульдік және көші-қон полициясынан, сонымен қатар Астана қаласының көліктік бақылау инспекциясы қызметкерлерінен құралған мобильді топ қала аумағында, «Рубеж» бекеттерінде заңсыз тасымалдаушылар мен мигранттарды шығару бойынша жұмыс атқаруда. Соңғы аялдамаларда, автобекеттерде автобустардың техникалық жарамдылығы тексерілуде, нормативтік стандартқа сай емес көлік басқару фактілері де бақылануда. Шараның алғашқы күнінде 95 жол ережелерін бұзу фактісі тіркелді, 8 жүргізуші әкімшілік жазаға тартылды, көлік жүргізіп келе жатып ұялы телефонмен сөйлесіп маневер ережесін бұзу бойынша 4 факті, еңбек және демалыс режімін бұзудың 2 фактісі анықталды. Техникалық жағынан жарамсыз автобустарды жолға шығарғаны үшін 2 лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Астана қаласы ІІД ӘПБ мәліметінше, 2014 жылы жол-патрульдік полиция қызметкерлері қоғамдық көлік жүргізушілерінің 1800-ге жуық жол қозғалысы ережелерін бұзу жағдайларын анықтаған, 39 жүргізуші әкімшілік жазаға тартылды.