Астанада «Жарқын болашақ» атты V республикалық қазақ тілі олимпиадасының қорытындылары шығарылды
АСТАНА. 6 сәуір. ҚазАқпарат - Бір жыл бойы Қазақстанның түкпір-түкпірндегі 1000-нан астам мектептердің 5 мыңдай оқушылары қатысқан «Жарқын болашақ» атты V республикалық қазақ тілі олимпиадасы өскелең ұрпақтың мемлекеттік тіл - қазақ тіліне деген ыстық ықыласын көрсетті.
Бұл туралы бүгін «Жарқын болашақ» V республикалық қазақ тілі олимпиадасының жабылу салтанатында КATEV Халықаралық қоғамдық қорының президенті Мехмет Месут Ата мәлім етті.
Оның айтуынша, бұл білім сайысына қазақ балаларымен қатар, өзге ұлт өкілдерінің де белсене қатысып, жүлделі орындарды иеленуі қазақ тілінің гүлденіп келе жатқандығының белгісі.
«ҚР Мемлекеттік тілі - қазақ тілі - ұлы даланы мекен еткен байырғы қазақ халқы мен қазақстандық басқа да ұлт өкілдерінің тарихи тағдырын тоғыстырған, теңдік пен татулықты ұстана отырып, бейбіт қоғамды қалыптастыруға қол жеткізіп отырған бірден-бір ұлы рәмізі», - деп атап өтті ол.
Шараның мақсаты - мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және оны дамыту, әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша ерекше дарынды оқушыларды анықтау және оларға қолдау көрсету. Сондай-ақ олимпиаданы өткізудің басты мақсаттарының бірі - қазақша сөйлеумен қатар, қазақ тілінде ән айту, мәнерлеп оқу, ғылыми жұмыс қорғау, шығармашылық қабілетін көрсету, қазақ тілі мен қазақ әдебиетін жақсы меңгеру арқылы Қазақстанның «жарқын болашағы» үшін аянбай қызмет ететінін көрсеткен нағыз «сегіз қырлы, бір сырлы» жастарға ерекше қолдау көрсету болып табылады.
Биыл бесінші рет өткізіліп отырған «Жарқын болашақ» олимпиадасының ақтық бәсекесінде 16 оқушы үздік шықты. Бұдан бөлек, олимпиада аясында «Тілші әдебиетшілер», «Әнші-бұлбұлдар», «Жас ғалымдар», «Сөз шеберлері», «Жазушылар» деген 5 конкурс бойынша да үздіктер анықталды. Олар «KATEV» Халықаралық қоғамдық қорының І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сондай-ақ олимпиаданың ең жоғары нәтиже көрсеткен 11-сынып оқушыларына Сүлейман Демирел университетінің гранты табыс етілді. Бағыттар бойынша орын алған оқушылардың мұғалімдері грамоталармен марапатталады.