Астанада жас ақындар мен термешілердің байқауы өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Мәңгілік ел - мұратым» жас ақындар мүшәйрасын және «Азаттық үні» жыр-термешілер байқауын өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат басқарманың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараның мақсаты - Тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің маңыздылығын жас ұрпақтың санасына сіңіру арқылы оларды отансүйгіштікке, елжандылыққа баулу. Шығармашыл жастардың өнеріне қолдау көрсете отырып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, өлең-сөз құдыреті арқылы қазақ тілінің мәртебесін көтеру.
Мүшәйра мен байқаудың шарттары бойынша шараларға 16-30 жас аралығындағы үміткерлер қатыса алады. Кеш барысында алдын-ала іріктеліп алынған жастар Тәуелсіздікке арналған және еркін тақырыптағы туындыларын оқиды, жыр-термелерін орындайды. Шара барысында танымал өнерпаздар да өнер көрсетеді.
Кешті танымал ақын Қалқаман Сарин, белгілі айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы жүргізеді. Сайыс қорытындылары бойынша жеңімпаздарға арнайы жүлделер мен дипломдар тапсырылады. Жыр додасына белгілі әдебиетші, Қазақ және шығыс әдебиеттану ғылымдарының салыстырмалы практикалық негізін қалыптастырушы Ілияс Рысбекұлы, айтыскер ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай, ақын, «Шабыт» халықаралық жастар фестивалінің лауреаты Асылзат Арыстанбек және жыр-терме байқауына ҚР мәдениет қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің жанындағы Қорқыт ата атындағы ғылыми-зерттеу институтының қазақ ақындары, жырау, шешендік өнер зертханасының жетекшісі, профессор Амандық Көмекұлы, ҚР мәдениет қайраткері, белгілі әнші Клара Төленбаева, ақын, «Абайтану» орталығының директоры Алмахан Мұхаметқалиқызы қазылық етеді.
Аталған руханият кешіне Жазушылар одағының мүшелері, белгілі қаламгерлер, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, жас ақындар, белсенді жастар және т.б. шақырылған.
Шара 21 қараша күні сағат 15.30-да «Тілеп» қобыз сарайында (Керей, Жәнібек хандар көшесі, 18) басталады.