Астанада жас ақындар мүшәйрасы өтуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ҚР Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына орай қалалық жас ақындар мүшәйрасы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің медиа орталығына сілтеме жасап.
Мүшәйраға 16 - 29 жас аралығындағы ақындар қатысуда. Тақырыбы - «Мемлекеттік рәміздер мақтанашым» және «Мәңгілік ел - мұратым».
Мұндай шараны өткізудің мақсаты: Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру шеңберінде жастар арасында ұлттық бірегейлік пен ұлттық құндылықтарымызды насихаттау, жас ақындардың шығармашылығын дамытуға жағдай жасау, мемлекеттік рәміздерді насихаттай отырып, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Жас ақындар сайысының жалпы сыйлық қоры 650 мың теңгені құрайды. І орын жеңімпазына 300 мың теңге, ІІ орын иегеріне 200 мың теңге және ІІІ орын жүлдегеріне 100 мың теңге сыйақы табысталмақ. Сондай-ақ IV орын иегері «Үздік ақын» аталымы бойынша 50 мың теңгеге ие болады деп күтілуде.
Мүшәйра соңы Қазақстан эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен өтетін концерттік бағдарламаға ұласпақ.
Айта кетейік, қалалық мүшәйра елорда әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасының әлеуметтік тапсырысын орындау аясында өтіп жатыр.