Астанада жас ғалым Сүндет Кәрімовтің кітаптары таныстырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында жас ғалым Сүндет Кәрімовтің төрт кітабы таныстырылды. Белгілі ғалымдар мен студенттердің қатысуымен өткен бұл шарада көпшілік назарына «Шитті-мақта талшығын алғашқы өңдеу әдістерін жетілдіру», «Энергия үнемдегіш автомобильдер», «Тоқыма өндірісінің материалтануы» және «Конструкциялық материалдар технологиясы» атты оқу құралдары ұсынылды.

Астанада жас ғалым Сүндет Кәрімовтің кітаптары таныстырылды

«Ғылыммен айналысуға тиіспіз, себебі бұл бағытта сәл артта қалсақ, біз мүмкіндіктерімізден айрыламыз. «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру жастардың қолында. Болашақта жастардың алдында талай белестерді еңсеру мақсаты тұр. Сондықтан осындай кітаптар бүгінде өте қажет және алдағы уақытта да Сүндет бауырымыз бұндай еңбектерді жазудан қанаты талмасын деп тілеймін. Жастайынан ғылымға бет бұрған осындай азаматтар жастарға үлгі»,- деді ҚР ҰҒА академигі, математика ғылымдарының докторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұхтарбай Өтелбаев. Айта кетейік, Сүндет Кәрімов 1986 жылы дүниеге келген. Бүгінде ол техника ғылымдарының кандидаты, профессор, Халықаралық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі. Ғылым саласында 1 ғылым кандидатын, 7 магистр дайындаған. Жас ғалым бірқатар елдерден алынған патенттердің, бірінеше ғылыми жобалардың, сондай-ақ 50-ден астам ғылыми мақалалардың авторы.