Астанада жас ғалымдар 100-ге жуық мобильдік қосымшаны таныстырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Назарбаев университетінде жылдағы дәстүр бойынша «nFactorial Incubator Demo Day 2017» тақырыбында мобильдік қосымшалардың фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 100-ге жуық бағдарламашылар жаздың үш айын демалысқа емес, толағай еңбекке арнаған. Осы уақытта мобильдік қосымшаларды әзірлеуді үйреніп, бүгінгі күні әділ қазылар алқасына ұсынып отыр. Қазылар алқасының құрамында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев, белгілі актер Санжар Мәди бар.
null 

Бағдарлама жасаушы мамандар даярлаумен айналысатын ««Zero to one labs»» компаниясының бас директоры Арман Сүлейменовтың айтуынша, фестивальдің негізгі мақсаты экономикалық пайданы көздеу емес, білікті кадрларды даярлап шығару екен.

«Бұл бар-болғаны екі күндік іс-шара емес, жас өрендер өз өнімдерін жасап шығару үшін жазда 600 сағат жұмыс істеді. Бүгін біз осы шыңның ең биігіне шығып отырмыз. Күн сайын сағат 10.00-нан кешкі 20.00-ге дейін жұмыс жүргіздік. Бұл бағдарламаның мақсаты - бизнесті құру емес, нарықтың білікті мамандарын даярлау болып табылады», - деді Арман Сүлейменов.
null 

Фестивальге қатысу үшін 800-ге жуық адамның анкетасы қабылданған. Оның тек 130-ы фестивальге қатысуға мүмкіндік алыпты. Жаз бойы олар Назарбаев Университетінің жатақханасында тұрып, тегін оқыған. Арман Сүлейменов атап өткендей, қатысушылардың көбінесе бағдарлама жасауды меңгеруіне емес, идеясының ұшқырлығына баса маңыз берілген.
null 

«Ең аз дегенде бір жылдық бағдарлама жасау өтілі бар қатысушыларды таңдап алдық. Үш айлық шара аясында I-phone мен андроидтарда жұмыс атқаруға болатындай мобильдік қосымша жасауды үйреттік. Бұл бағдарлама жартылай дағдысы бар жастарды кәсіби мамандарға айналдыруды көздейді», - дейді Арман Сүлейменов.

Соңғы жаңалықтар