Астанада жас отбасылар арасында «Бірге өмір сүру» атты фестиваль өтті

«Бірге өмір сүру» жастар фестивалі негізінен ең талантты, достығы мен татулығы берік көп ұлтты отбасылардың үлкен жиналысы десек болады. Фестиваль білім және ғылым министрлігі тарапынан биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Өздеріңіз білетіндей, 2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы тойланып жатқандықтан, биылғы фестивальдің мазмұны да тереңдей түсті», - дейді БҒМ Жастар саясаты департаментінің басқарма басшысы Айтпай Досанов.
Оның айтуынша, Қазақстанның өңір-өңірінен фестивальге қатысамын деп өтініш берген отбасылар көп болды. Фестивальдің басты талабы - отбасы екі ұлт өкілінің берік әрі талантты одағы болу керек. Сонымен қатар, жұбайлардың жасы 29-дан аспауы керек.
«Фестивальдің талабы бойынша, аймақтардағы отбасылар алдымен онлайн-режимде іріктеуден өтті. 29 жасқа толмаған, екі ұлт өкілінен құралған отбасылар іріктеліп, өз өңірінде тағы сыналды. Осылайша, ең талантты, екі адамның да қандай да бір салада жетістіктері бар 10 отбасы іріктеліп, Астанадағы қорытынды фестивалге келіп отыр», - деп толықтырды ол.