Астанада жас отбасылардан «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша құжаттар қабылдау күні белгілі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада 2014 жылдың ІІ тоқсанында «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша жас отбасылардан құжаттар қабылдау жүргізіледі.

Астанада жас отбасылардан «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша құжаттар қабылдау күні белгілі болды

Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Тұрғын үй басқармасынан хабарлады.

«Соңғы уақытта азаматтардан «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында жас отбасыларға тұрғын үй беруге қатысты сауалдар жиі келіп түседі. Осыған орай, Астана қаласында «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша жас отбасылардан құжаттарды қабылдау үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында жүргізілетінін хабарлаймыз»,- делінген ведомство хабарламасында.

Тұрғын үй басқармасының хабарлауынша, қажетті құжаттар тізімі, оларды қабылдау орны мен мерзімі БАҚ-та қосымша жарияланатын болады.

Қазіргі уақытта ҚР Өңірлік даму министрлігі аталған бағдарламаға өзгерістер енгізу жұмыстарын жүргізуде.

Еске салайық, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы тұрғын үй нарығындағы жағдайды жақсартуға және Қазақстан азаматтарының тұрғын үй жағдайларының сапасын арттыруға бағытталған.