Астанада «Жас шебер» балалар шығармашылығының республикалық фестивалі өтті
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Балаларды қорғау күні мен БҰҰ-ның Бала құқықтарын қорғау конвенциясының қабылдауына 20 жыл толуына орай өткізілген шараға республиканың 12 өңірінен балғындар келіп қатысты. Фестивальдің аясында «Конвенция балалар көзімен» атты сурет көрмесі және «Қуыршақ» сәндік-қолданбалы өнер конкурсы ұйымдастырылды.
«Фестивальдің басты идеясы - балалар мен жасөспірімдердің өздеріне олардың шығармашылық әлеуеті қаншалықты кең екендігін көрсету», дейді ұйымдастырушылардың бірі, ҚР Тұңғыш Президенті мұражайы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева.
Оның айтуынша, «Жас шебер» балалар шығармашылығының республикалық фестивалі биыл алғаш рет өткізілуде.
«Қуыршақ» байқауына Қазақстандағы Жапония Елшілігі де жапондық балалардың жұмыстарын ала келген. Судзуки Шунтароның «Пырақ оригами» және жасалу дәстүрі жүздеген жылдарға созылатын жапон қуыршақтары ерекше көз тартады. Байқаудың Гран-при жүлдесі Ақсу қаласынан келген Сергей Кузнецовке «Күйеу жігіт және қалыңдық» қуыршақтары үшін берілді.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне дипломатиялық корпустың, халықаралық ұйымдардың, ұлттық-мәдени орталықтардың,
ЮНЕСКО клубының балалар көркемсурет өнерінің мектебі, «Құлыным» қоғамдық бірлестігі және қалалық Білім басқармасының басшылығы қатысты.