Астанада жас суретші Бейбіт Әсемқұлдың «Өнер әлеміне самғау» атты жеке көрмесі ашылды

АСТАНА. 20 мамыр. ҚазАқпарат / Айнұр Кенебаева / - Бүгін Астанада ҚР Тұңғыш Президенті мұражайында ХІІІ Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің бас жүлдегері, Суретшілер одағының мүшесі Бейбіт Әсемқұлдың «Өнер әлеміне самғау» атты жеке көрмесі ашылды.

Астанада жас суретші Бейбіт Әсемқұлдың «Өнер әлеміне самғау» атты жеке көрмесі ашылды

Көрме бейнелеу өнері және фото өнері сынды екі бағытты қамтиды. Көрмеге қойылған қылқалам шеберінің фото шығармалары табиғат тықырбын арқау етеді, ал сурет туындылары жаңа Астана келбеті, қазіргі қоғам бейнесі, қазақи болмыс, дала пейзажы сынды тақырыптарды сан-алуан бейнелеу техникасымен ұтымды жеткізеді. Сонымен қатар бүгінгі көрме барысында сегіз қырлы, бір сырлы тұлғаның өлең жинағы жұртшылық назарына паш етілді.

Ұйымдастырушылар айтып өткендей, аталмыш көрме отандық шығармашыл жастарға қолдау көрсету мақсатында қолға алынған «Үкілі үміт» жобасы аясында өткізіліп отыр. Жобаның негізгі мақсаты - дарынды жастардың шығармашылық өнерін ел ішінде насихаттау, жаңа есімдерді Қазақстан халқына таныстыру және елдің мәдени дамуына қомақты үлес қосатын жас өнерпаздардың бастамасын қолдау.

Айта кетелік, Бейбіт Әсемқұл 1985 Алматы облысының Ұзынағаш ауылында дүниеге келген. Жас дарын Ә.Қастеев атындағы республикалық көркемсурет колледжін, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының мүсін және кескіндеме факультетінің станоктік кескіндеме мамандығы бойынша үздік бітірген. Оның жұмыстары Қазақстан мен шет мемлекеттердің жеке топтамаларына енген, Алматыдағы Art Navad Arvest, Астанадағы Art Stori галереяларына қойылған.

Бейнелеу және фото өнерінің көрмесі 13 маусымыға дейін жалғаспақ.