Астанада «Жас ұлан» мектебінің түлектеріне дипломдар табыс етілді
АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін елордада «Отан қорғаушылар» алаңында генерал Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» мектебінің 56 түлегіне орта білім туралы дипломдар салтанатты жағдайда табысталды.
Шара кезінде ұландар «Отан Ана» монументіне гүлшоқтарын қойып, салтанатты маршпен жүріп өтті. Ең үздік 15 оқушыға құнды сыйлықтар мен грамоталар берілді. Шара соңында ҚР Қорғаныс министрлiгiнiң Құрметтi қарауылының үлгілік көрсетілімі болды.
ҚР Қорғаныс министрлігі бас инспекциясының бастығы Құрбан Қаражановтың айтуынша, бүгінде мектепте республиканың 14 облысынан түрлі ұлтты 11 оқушы білім алуда.
«Биыл ҰБТ тапсыру кеезінде «Жас ұлан» оқушылары жақсы нәтиже көрсетті. Олар орташа есеппен 80,4 балл алды. Оның ішінде мектеп тарихында алғаш рет «Алтын белгі» иегері атанған Талғат Сейсеновтың нәтижесі жоғары болды», - дейді ол.
«Сіздер - Қазақстанның мақтанышы. Таңдаған жолдарыңызды абыроймен атқарып, тек алға ұмтылуларыңыз керек», - деді Қ. Қаражанов салтанатты жиында.
Мектептің ең алғашқы түлектері 2002 жылы түлеп ұшқан болатын. Он жыл ішінде 529 оқушы мектеп қабырғасынан шықты. Қазір олардың дені Ресей, Түркия, Қазақстан, Германия мен Беларусь Қорғаныс министрліктерінің оқу орындарында білім алуда.