Астанада жастар арасында инновациялық идеялар мен жобалар байқауы жарияланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жастар арасында инновациялық идеялар мен жобалар байқауы ұйымдастырылады. Өтінімдер 5 сәуірге дейін қабылданады.
Бұл туралы astana.kz сайтына Жастар саясаты мәселелері басқармасынан хабарлады. Инновациялық идеялар мен жобалар байқауы жастар арасында үздік инноваторларды анықтау, олардың жобаларын қолдау және дамуына көмектесу, сондай-ақ, жас ғалымдар арасында тәжірибе алмасу алаңын құру мақсатында өткізіледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау жеңімпаздарына жобаны инвестициялауға және оны жүзеге асыруға көмек көрсетіледі. «Байқаудың басты талабы жаңашылдық, бірегейлік, экономикалық тиімділік, бір сөзбен айтқанда, өмірді жақсарта түсетін жобалар, еліміздің индустриалды-инновациялық дамуына үлес қосу болып табылады. Инноваторлардың бәрі идеяларының маңызды әрі пайдалы болуы мүмкін екендігін білуі тиіс»,- дейді ведомстводағылар. Байқауға: «Үздік инновациялық технология», «Үздік инновациялық өнім», «Үздік инновациялық идея» және «Балалар инновациялары» аталымдары бойынша 14-29 жастағы адамдар қатысады. Аталған байқауға қатысуға өтінімдер 2014 жылғы 5 сәуірге дейін қабылданады. Барлық өтінімдер мен сұрақтарды мына мекенжай бойынша жолдауға болады: Астана қ., Абай к-сі, 9-шы үй. Байланыс телефондары/факс: (7172) 230626, е-mail: ules2020@mail.ru.