Астанада жастар арасында қазақша күрестен ел чемпионаты өтті

АСТАНА. 15 ақпан. ҚазАқпарат - Астанада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына арналған жастар арасында (1992-1994 ж.ж.), қазақша күрестен ел чемпионаты болып өтті,

Астанада  жастар арасында қазақша күрестен ел чемпионаты өтті

деп хабарлады қалалық туризм, дене шынықтыру және спорт басқарамасының баспасөз қызметінен.

11-13 ақпан аралығында қаладағы № 54 мектеп спорт залында өткен жарыс ауқымы жағынан республикалық жарысқа пара-пар болды. Қатысушылар саны 120 адамнан асқан бұл жарысқа Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай облыстары мен Астана, Алматы қалаларынан 10 құрама келді.

Жеңіс тұғырының ең биік өресіне 4 «алтынды» қанжығасына байлаған қызылордалық спортшылар көтерілді.

Қостанай облысының Арқалық қаласынан Мереке Сахабиденов 60 кг салмақ санатында чемпион атанды. 82 кг салмақта Қарағанды облысының спортшысы Медет Әмірзадинге тең келер ешкім болған жоқ. Астаналық Айбат Сейтен 90 кг спортшылар күресінде жеңіске жетті.

Астана қаласы құрама командасының бапкері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионы Ерлан Естек астаналық ашық чемпионат республикалық жарыстардан кем түспегендігін және қатысушылар саны мол болғанын ерекше атап өтті.