Астанада «Жастар - Қазақстан халқы бірлігі үшін» атты жалпыұлттық форум басталды
СТАНА. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанада «Жастар - Қазақстан халқы бірлігі үшін» атты жалпыұлттық форум басталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін форум аясында «Ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбында қоғам, мәдениет қайраткерлері және зиялы қауым өкілдері елдің әр түкпірлерінен келген делегаттармен кездесу өткізіп, оларға бірлікте тұрып, елдің болашағы жолында аянбауға, білім мен қызметте жетістікті болуға үндеді. Жиында халық әртісі, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан, философ, сенатор Ғарифолла Есім сынды қоғам қайраткерлері туған тілдің, ділдің және ұлттық салт-сананың, тарихи жадтың сақталуы ұрпақтардың қолында екендігін ерекше атап көрсетті. Сонымен қатар бұл диалогтік алаңда - кейінгі ұрпаққа ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар, рухани-мәдени мұралар сабақтастығының маңызын түсіндірді.
«Бірлік керек бізге. Ал бірлік деген нәрсе бұл махаббатпен келеді. Бір-бірімізді сүймей, бізге бірлік жоқ. Құрандағы сүрелердің «Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын» деп басталуы бекерден бекер емес. Кімде қамқорлық жоқ, кімде мейірім жоқ, кімде бір-біріне деген махаббат жоқ - «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп Абай атамыз айтқандай, істің бәрі бекер болады. Қазақтың бүгінгі жақсылыққа жетіп отырғандығының өзі басқаға деген махаббатынан болатын. Ешкімді жатсынған жоқпыз. Бірақ біздің дархандығымыз, кеңдігіміз - үлесіміздің, мүддеміздің кететін дүниесіне айналып кетпеуі тиіс. Біздің дархандығымызға, кеңдігімізге, махаббатымызға махаббатпен жауап қайтуы қажет. Жақсылыққа жақсылық болуы керек. Сол жақсылыққа мұрындық болатын - қазақтың бірлігі, қамқорлығы, ақылы, сабыры. Қазақты қалқалаған басқа бауырлас жұрттың арадағы біздің қамқорлығымыздың барлығы - бізді шынайы бақытқа бастайды», дейді депутат Б. Тілеухан.
Ертең, шараның негізгі бөлігінде, Тәуелсіздік сарайында «Жастар - Қазақстан халқы бірлігі үшін» атты пленарлық отырысы өтетін болады. «Жастардың өңірлердегі жетістіктері картасы» атты көрме өтеді.
Қазақстан жастар конгресі, Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған шараның басты мақсаты білікті, талантты, белсенді жастарды өз саласының білікті маманына айналуы үшін қосымша ақпарат пен білім алуға жағдай жасау, саясат сахнасындағы белгілі тұлғалармен, мәдениет қайраткерлермен бірге ашық диалог өткізу.