Астанада жастар мен дін саласының қызметкерлері экстремизм мен лаңкестік мәселелерін талқылау үшін үстел басына жиналды
АСТАНА. 10 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Гуманитарлық колледжде Жастар саясатын қолдау мемлекеттік қоры «Жастар арасында экстремизм мен лаңкестік идеялары таралуының алдын алу» тақырыбында дөңгелек үстел отырысын өткізді.
Шараның мақсаты - жастар мен жасөспірімдер арасындағы экстремизм мен терроризм ойларының таралуына жол бермеу, Отанға деген құрмет пен өзара сыйластықты, патриоттық сезімдер мен жауапкершілікті насихаттауда және рухани тәрбие беруге бағытталған іс-шаралар легін күшейту.
Іс-шараға ведомстволық органдардың өкілдері, Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының үкіметтік емес ұйымдармен және діни бірлестіктермен жұмыс бөлімі, Дін істері департаменті, Ішкі істер департаменті экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері, сонымен қатар «Нұр Астана» мешітінің наиб имамдары, Қасиетті Серафим Саровский приходы жергілікті православиялық діни бірлестігінің өкілі және жоғары оқу орындары мен арнайы оқу орындарының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.
Дөңгелек үстел барысында баяндамалар тыңдалып, көптеген дәйекті ұсыныстар айтылды. Нәтижесінде жоғары және арнайы оқу орындарында дінтанушы мамандар мемлекетіміздің тұғыры берік болуы үшін жастар мен жасөспірімдердің бойына салауатты өмір салтын насихаттау, оларға ұлттық рухта тәрбие беру мақсатында іс-шараларды жиі ұйымдастыруды қолға алатын болды.
Шараға келген жастар мен дінтанушы ғалымдар арасында өзара пікір алмасулар болды. Қатысушылар экстремизм мен лаңкестік идеялары таралуының жолын кесу жолында, патриоттық сезімдер мен жауапкершілікті насихаттау және рухани тәрбие беруге бағытталған іс-шаралар легін көбейтуге және осы бағытта жұмыла қызмет етуге шақырды. Отансүйгіштігіміздің арқасында атадан балаға мұрат болып келген дәстүрлі дінімізді берік ұстанып, болашаққа нық қадам жасайтын боламыз деп қорытындылады.