Астанада жастар саясаты және әлеуметтік әрі экономикалық әділеттілік мәселелеріне арналған шара өтті

АСТАНА. Желтоқсанның 9-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Астанада «Жастар және қоғам: Қазақстан Республикасының жастар саясаты және әлеуметтік әрі экономикалық әділеттілік» атты дөңгелек үстел өтті.

Астанада жастар саясаты және әлеуметтік әрі экономикалық әділеттілік мәселелеріне арналған шара өтті

Аталмыш шара аясында Сорос-Қазақстан қоры Қазақстанның әртүрлі өңірлеріндегі жас зерттеушілермен және жастардың үкіметттік емес ұйымдарымен бірлесіп, «Жастар және қоғам: әлеуметтік және экономикалық әділеттілік» және «Қазақстан Республикасындағы жастар саясатының жүзеге асырылуын зерттеу» атты бағыттар бойынша екі есепті ұсынды. Бірінші тақырып бойынша экономикалық және әлеуметтік әділеттіліктің әртүрлі мәселелері жайында жеті жас маманның есептері ұсынылды. Олардың арасында қант диабетімен ауыратын пациентер үшін мемлекеттік қызметтерге қолжетімділік, Қазақстандағы көші-қон және мемлекеттің қамқорлығындағы бабалар құқығының қорғалуы сынды өзекті дүниелер болды. Жамбыл облысынан келген жас зерттеуші  Ұлықбек Тінәлиевтің сөзіне қарағанда, олар Тараз қаласындағы мемлекет қамқорлығындағы балалар үйі мен интернаттарда тәрбиеленіп жатқан балалар арасында зерттеу жүргізген. Оның барысында балалар мұқтажды 20 түйінді мәселенің ішінен алтауын іріктеп алған. Өздерін алаңдататын бірінші мәселе ретінде келешекте жұмысқа орналасу мүмкіндігін атаған. Білімдерін жетілдіріп, жоғары оқу орындарына түсу - екінші өзекті мәселе. Білім алу мәселесінен кейінгі орында «тағдыр жолымыз қалай қалыптасады» деген сұрақ тұр. Бұдан кейінгі өзекті мұқтаждықтардың бірі есебінде «баспана мәселесі» айтылған. Ал, «моральдық, адамгершілік сұрақтар», «құқықтарын бұзбау» және «сыртқы келбеттері» сияқты қажеттіліктер  аз мазалайтыны анықталған. «Сана-сезім мен адамгершілік мәселесі оншалық жан-дүниелерін тербей қоймайтыны анық байқалады. Демек, балалар үйі мен интернаттағы тәрбие мәселесіне көңіл бөлудің қажеттігі анық туындайды», дейді ол.

Шара барысында айтылғандай, жастар саясатын зерттеуде анықталған негізгі проблемалардың қатарында мыналар бар: жастар заңнамасында бекітілген тезистердің декларативтілігі; жастар саясатын жүзеге асырудағы республикалық және жергілікті бағдарламалардың арасындағы байланыстың әлсіздігі; жастар саясатын жүзеге асырудағы ашықтық пен есептілік деңгейінің төмендігі. Жобаға қатысушылардың пайымдауынша, өңірлік деңгейдегі жастар саясатын қалыптастыру алаңдаушылық туғызады. Жергілікті жерлердегі жастар саясаты бөлімдеріндегі мамандардың кадрлық әлеуеті жақсартуды қажет етеді.