Астанада жастар тәжірибесіне қатысушылардың еңбекақылары өсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа жылдан бастап жастар тәжірибесінен өтуге Халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінген оқу орындарының түлектеріне төленетін жалақы 71 900 теңге құрайды, деп хабарлады Астана әкімдігінің баспасөз қызметі. 

 Астанада жастар тәжірибесіне қатысушылардың еңбекақылары өсті

Астана қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығының уақытша жұмысқа орналастыру бөлімі басшысы Қаламқас Құлшманованың айтуынша, жастар тәжірибесіне қатысушылардың еңбекақылары мемлекеттік бюджет қаражатынан субсидияланады және білім беру түлектеріне алғашқы тәжірибе алу үшін жүргізіледі.

Жастар тәжірибесінің мақсаты - жастарды жоғары және орта оқу орындарында алған мамандықтары бойынша алғашқы тәжірибеден өткізу уақытша жұмысқа орналастыру болып табылады.

«Өткен жылы біз жастар тәжірибесі жүйесі арқылы 661 түлекті жұмысқа орналастырылған едік. Ол кезде жалақы 53 800 теңгені құраған болатын, ал биылғы жылы жастар практикасының жалақысы 71 900 теңгені құрады. Барлық әлеуметтік шегерімдерді ескергенде жастар тәжірибесіне қатысушылар 60 684 теңге алатын болады.

Айта кетейік, жастар практикасына соңғы үш жылдың түлектері, жұмыссыз ретінде тіркелгендер мен жасы 29-дан аспағандар жолдана алады. Жұмыс беруші жұмыссызды жұмысқа алу туралы шешім қабылдаған жағдайда, жұмыс беруші онымен Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексіне сәйкес, еңбек келісімшартына отырады. Жастар практикасының ұзақтығы 6 айдан аспайды.