Астанада жастардың саны 300 мыңға жуықтады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада тұрып жатқан жастардың саны 300 мыңға жуықтады. Бұл туралы Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Асхат Оралов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат elorda.info сайтына сілтеме жасап.
Асхат Ораловтың айтуынша, басқарма тарапынан жастарды мемлекеттік қолдау шаралары мен оларды елорданың қоғамдық өміріне тарту жұмысы қолға алынған. Бұл жұмыс жеті бағыт бойынша жүргізілуде.
Жастарға кәсіби бағдар беріп, жұмысқа орналастыруға жәрдем көрсету қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі. Бұл күндері елімізде әртүрлі техникалық мамандар тапшы екені мәлім. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Астана жастарына жыл сайын қала кәсіпорындарына экскурсиялар ұйымдастырылуда. Мәселен, былтыр «Цесна-Астық» Концерні» АҚ, «Тұлпар-Тальго» ЖШС, «СтальЦинк» зауыты, «Целингидромаш» компаниясы сынды кәсіпорындарды 5500 жас аралады. Биыл бұл жұмыс ширатылып, аталмыш өндіріс ошақтарында 12 мың жас болды.
Бұған қоса, жұмысшы мамандықтарды насихаттау, сұранысқа ие мамандық иелерімен кездесулерді ұйымдастыру, кәсіби бағдар беру мақсатында жоғары сынып оқушыларының ата-аналарымен жұмыс жүргізу қолға алынған.
Басқармадан мәлім еткендей, қазір еңбек нарығында инженер-механик, электрші, монтажшы, сантехник, слесарь, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру, қызмет көрсету салаларының мамандары сұранысқа ие.
Балалар мен жастардың демалысын ұйымдастыру мен соған жағдай жасау, шығармашыл жастарды және жастардың бастамаларын қолдау, жастардың арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, әлеуметтік әлсіз топтарға жататын жастарға көмек беру, волонтерлік қозғалысты дамыту сынды жұмыстар бір-бірімен сабақтасып жатыр. Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында да бірқатар шаралар атқарылуда.
Елордада Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармаға қарасты 18 аула клубы жұмыс істеп тұр. Алматы ауданында - 10, Сарыарқа ауданында - 5 және Есіл ауданында - 3. Алдағы уақытта тағы 6 клубтың ашылуы жоспарланған. Басқарма басшысының сөзінше, спорттық нысандармен Астананың шеткі аймақтарын да қамту ойластырылған.
«Қалада жастар саясатын жүзеге асырудың маңызды бағыттарының бірі - студенттер мен жұмысшы жастарды біріктіру. Бұл мақсатта ағымдағы жылдың басынан жоғары оқу орындарындағы Жастар ісі жөніндегі комитет көшбасшыларын және елорданың барлық студенттерін біріктіретін «А14» алаңы құрылды. Мұндағы «А» - Астананы, 14 - елорданың жоғары оқу орыдарының санын білдіреді. Осы жұмыс барысында ай сайын ресми, бейресми кездесулерді ұйымдастырамыз. Бұл арқылы Астанадағы жоғары оқу орындарында оқитын 51 мың студенттің жағдайын біліп отырамыз», - дейді Асхат Оралов.
Осы үлгімен қаланың колледж студенттерінің басын қосатын «А35», мектеп көшбасшыларынан құралған «А84» алаңдары құрылды. Бұл алаңдардың жұмысы өткен қыркүйек айында басталды.