Астанада жастарға берілетін жалдамалы баспана алуға 3 мыңнан астам өтінім түскен

6 қарашада елордада «Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасына өтінім қабылдау басталған еді. Үш күнде аталған бағдарламаға 3 мыңнан астам өтінім түсті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

жалдамалы пәтер
Фото: pixabay.com

Құжат қабылдау 12 қарашаға дейін жалғасады. Өтінімдер электронды түрде qatysu.zhilfond.kz порталы арқылы қабылданады. Бүгінгі таңда 3370 өтінім келіп түсті.

Конкурс нәтижесінде 770 пәтер 3 жыл мерзімге жалға берілмек. Жалдау ақысы ай сайын 5-15 мың теңге аралығында болады. Коммуналдық төлем бөлек есептеледі.

«Биыл бағдарламаға қатысушылардың жасы 29 жастан 34 жасқа дейін ұлғайтылды, жалға берілетін тұрғын үйді беру мерзімі 5 жылдан 3 жылға дейін қысқартылған, Астана қаласында кемінде соңғы 3 жыл тұрақты тіркеудің болуы, өтініш берушіде және отбасының барлық мүшелерінде ҚР аумағында меншік құқығындағы тұрғын үйдің, соңғы 5 жыл ішінде сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйдің болмауы туралы өзгерістер енгізілді»,- деді елордалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшының орынбасары Бейсен Үсенов Астана коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Бағдарлама жастарға баспана сатып алуға жәрдемдесу мақсатында әзірленді. Жалдау мерзімі ішінде жастар кейіннен нарықта өз баспанасын сатып алу үшін бастапқы жарнаға жинақ жүргізеді. Жалдау мерзімі аяқталған соң босатылған тұрғын үй келесі үміткерлерге беріледі.

2019 жылдан бастап бағдарлама бойынша жалпы саны 2 450 пәтер жалға берілген. Онда 6 мыңнан астам адам тұрып жатыр.

«Қатысушыларды іріктеу балдық жүйе бойынша жүзеге асырылады. Ұпайлар тең болса, өтініш берген күні бойынша ертерек және жасы үлкен өтініш берушілер артықшылыққа ие болады. Бөлінетін тұрғын үйдің жалпы ауданын айқындау конкурс қорытындысы бойынша қойылған ұпайлар мен өтініш берушідегі балалар саны негізінде шешіледі», - дейді Астана қалалық әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ директорының орынбасары Дәулет Рахымғұлов.

Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспананың 60% некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) өтініш берушілерге, 40% - некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) өтініш берушілерге беріледі.