Астанада жасұландықтардың Жаңа жылдық шыршасы өтті

 АСТАНА. 25 желтоқсан. ҚазАқпарат - Астанада ҚР Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтің қатысуымен жасұландықтардың Жаңажылдық шырша мерекесі өтті.

Астанада жасұландықтардың Жаңа жылдық шыршасы өтті

Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Елбасы осыдан 13 жыл бұрын, яғни 1999 жылдың қараша айында болашақ Отан қорғаушыларын тәрбиелейтін «Жас ұлан» мектебін ашқан болатын. Ал Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында генерал С.Қ. Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің жаңа кешенін салтанатты жағдайда ашып пайдалануға берді. Бүгінде, ұландар жаңа ғимараттың қабырғасында ұлағатты ұстаздардан дәріс алып, білім нәрімен сусындауда.

Жыл сайын Жаңа жыл қарсаңында «Жас ұлан» республикалық мектебінде тәрбиеленушілерді мерекелік қабылдау рәсімі өткізіледі. Биыл да бұл дәстүр жаңа мектептің қабырғасында өз жалғасын тапты. 

Салтанатты шараны Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі  Әділбек Жақсыбеков ашты. Ол ұстаздар мен жасұландықтарды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жаңа жылда жақсы білім алып, оқуда озат, тәртіпті  тәрбиелі болуларын тіледі.

- Ел Президенті - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығының арқасында әскери институттар мен мектептерде жоғары дәрежелі оқытушылар білім беруде, онда оқу-материалдық базасы мен заманауи стандарттарға сай жағдайлар жасалған. Сіздер бақыттысыздар. Елбасы,  сіздердің ертеңгі күні Отан қорғаны болатындарыңызға сенеді. Біраз жылдар өткен соң сіздер қазіргі жасөспірімдер - мемлекетімізге қызмет ететін боласыздар,-деп атап өтті Қорғаныс ведомствосының басшысы.

Салтанатты жағдайда Аяз Ата және Ақшақармен бірге мектеп оқушылары Жаңа жылдық шыршаның отын жақты. Жасұландықтарға министрдің атынан сыйлықтар тапсырылды.