Астанада жатақханада болған өртте 5 бала ысты газға уланып қалды, 25 адам қауіпсіз жерге көшірілді

ТАНА. 18 қазан. ҚазАқпарат - Астанада шағын отбасыларға арналған жатақханада болған өртте 5 бала, соның ішінде жаңа туған екі нәресте ысты газға уланып, ауруханаға түсті.

Астанада жатақханада болған өртте 5 бала ысты газға уланып қалды, 25 адам қауіпсіз жерге көшірілді

Бұл туралы ҚР ТЖМ-нан мәлім етті.

Өрт 17 қазан күні, түскі сағат 13.08-де Астананың «Алматы» ауданындағы Жансүгіров көшесі, 9 мекен-жайында орналасқан шағын отбасыларға арналған 5 қабатты жатақхананың бірінші қабатынан шықты. Анықталғандай, от электрлі тұстамадағы кабельден тұтанған.

Оқиға орнына дереу жеткен ҚР ТЖМ Астана қаласы бойынша ТЖД өртке қарсы қызметінің 30 адамы мен 5 техникасы тілсіз жауды 30 минутта ауыздықтады. 25 адам, соның ішінде 6 бала қауіпсіз жерге көшірілді. Ысты газға уланған бес бала, атап айтқанда, жаңа туған екі нәресте, 1, 3 және 5 жастағы балалар ауруханаға жеткізілді.