Астанада «Жаужүрек полкі» маршына қатысушылар 2,5 шақырым жүріп өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылғы 9 мамырда Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының қолдауымен елордамызда айтулы шеру - Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері ұрпақтарының қатысуымен «Жаужүрек полкі Астана - әлемдік марш» атты шеру өтеді.
Шара Халықаралық Жеңіс күніне арнайы ұйымдастырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жаужүрек полкі» («Бессмертный полк») жалпыхалықтық азаматтық бастамасы 2012 жылы пайда болды. Қозғалыстың негізгі мақсаты - Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлердің ерлігін естен шығармау. Ал Астана қаласындағы «Жаужүрек полкі» Кеңесі 2014 жылы құрылды, оның құрамы еріктілерден, ардагерлерге құрмет көрсете білетін еліміздің белсенді азаматтарынан тұрады.
Астана қаласында Жеңістің 70 жылдығына арналған шеруге 2015 жылы 1500 адам қатысқан болатын, олар ардагерлердің портреттерін қолдарына ұстап Жеңіс даңғылымен жүріп өтсе, 2016 жылы елордадағы «Жаужүрек полкіне» 7 мыңнан астам адам қатысты.
Қазіргі уақытта «Жаужүрек полкі» - бұл әлемнің 60 мемлекетін біріктіретін халықаралық шеру. Полктің жұмысы Жарғымен реттеледі. Жарғыда айтылғандай: «Жаужүрек полкі» - коммерциялық емес, саяси емес, мемлекеттік емес азаматтық бастама. Полк құрамына дініне, ұлтына, саяси көзқарасына қарамастан кез келген азамат кіре алады.
«Жаужүрек полкі Астана - әлемдік марш» шеруіне қатысушыларды жинау 2017 жылы 9 мамыр күні сағат 12.30 басталады. Шеру «Қазақ елі» монументінен басталып, «Отан қорғаушылар» мемориалында (Тәуелсіздік даңғылының бойында) аяқталады. Осылайша, биыл шеру 2,5 шақырымға ұзартылды.
Айта кетейік, «Жаужүрек полкі Астана» маршына қатысу үшін алдын-ала тіркеуден өтудің не оған билеттер сатып алудың қажеті жоқ. Марш алаңын жарнама ретінде пайдалануға және транспаранттарда кез келген саяси, корпоративтік не басқа да символдарды жариялауға тыйым салынады.