Астанада жаяу жүргіншілерге қатысты жол апаты жиілеп кетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың басынан бері елордада жаяу жүргіншілерге қатысты 14 жол-көлік апаты орын алды. 

Астанада жаяу жүргіншілерге қатысты жол апаты жиілеп кетті

Бұл туралы бүгін Астана қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметінің басшысы Бақытжан Малыбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен жылмен салыстырғанда бізде қылмыс, жол-көлік оқиғалары төмендеп келеді. Дегенмен, жаяу жүргіншілерге қатысты жол-көлік оқиғалары алаңдатып отыр. Егер бірінші жартыжылдықта кісі өліміне ұшыратқан 21 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, оның 14-і жаяу жүргіншіге қатысты болған. Сондықтан жаяу жүргіншілерден жолды арнайы белгіленген орыннан кесіп өтуді өтінеміз. Оның үстінде жаңа оқу жылы да жақындап қалды», - деді Малыбаев.

Сонымен қатар ол қала тұрғындарын елорданы қауіпсіз әрі өмір сүруге қолайлы жасау бағдарламасын жүзеге асыру аясында аулалар мен үйлердің кіреберістеріне камералар орнату шарасына қатысуға шақырды.

«Мұнан бөлек, пәтерлерге дабыл жүйесін де орнатқан жөн. Қалада 250 мыңнан астам пәтер бар. Олардың ішінде тек 3,5 пітерге ғана дабыл жүйесі орнатылған. Елорда тұрғындарынан бұл жұмыстарды жандандыруды өтінемін», - деді Жергілікті полиция қызметінің бастығы.