Астанада жаяу жүргіншіні қағып кеткен М.Шыңғысов сот залынан босатылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы қылмыстық істер бойынша апелляциялық сот алқасы адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасының себепкері Мақсат Шыңғысовты сот залынан босату жөнінде шешім қабылдады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» агенттігінің тілшісі сот залынан.

Астанада жаяу жүргіншіні қағып кеткен М.Шыңғысов сот залынан босатылды

«Астана қаласы қылмыстық істер бойынша апелляциялық сот алқасы 2014 жылы 17 маусымда Сарыарқа аудандық сотымен М.М.Шыңғысовты 3 жыл бас бостандығынан айыру және 3 жылға жүргізуші куәлігінен айыру туралы шешіміне қатысты жапа шеккен тараптың апелляциялық арыз-шағымы қаралды», - деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Ол шешім бойынша, айыпталушы Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі 2-бөлімінің 269 бабы бойынша, яғни көлік құралын жүргізу кезінде жол ережелерін бұзу арқылы абайсызда адам өліміне соқтыру және 297 бабы, жол-көлік оқиғасы болған жерді тастап қашу бойынша айыпты деп танылған болатын. Сот моральдық және материалдық шығынды өтеуді ішінара қанағаттандырды.

Апелляциялық талап-арызда жапа шеккен тараптар, Б.Күзембекова мен А.Есмағамбетов сот шешімін өзгерту және моральдық, материалдық шығынды толық өндіріп алу жөнінде сұраған.

ҚР Қылмыстық Кодексінің 67 бабына сәйкес, екі тарап шығынды толық өтеуге қатысты мәселеде уағдаластыққа келіп, ортақ бітім жасасты. Істі болған айыпталушы зардап шеккен тарапқа сұралған ақшалай өтемақыны толығымен өтеді.

Осыдан кейін зардап шеккен тарап сотқа Сарыарқа аудандық соты шығарған үкімді өзгерту жөнінде өтініш берді.

ҚР ҚК 67 бабына сәйкес апелляциялық сот алқасы тараптардың уағдаластыққа келуіне байланысты айыпталушыны сот залында босату жөнінде шешім шығарды.

«ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында марқұмның туған-туыстары бұл шешіммен толық келісетіндіктерін айтты.

«Ешқандай талап, наразылығымыз жоқ. Басында мойнына алмап еді, кейін барлығын мойындады, бізге келіп кешірім сұрады, екі жақ бір келісімге келді. Біздің оған ешқандай өкпеміз жоқ. Жарайды енді, жас бала. Ол әрине кінәлі, бірақ не істейміз енді. Болған нәрсе болды», - деді марқұм Ж.Ақпановтың әпкесі Бақыт Күзембекова «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында.

Оның ағасы Айтжан Есмағамбетов те сондай пікірде.

«Иә, біз татуласуға шешім шығардық. Бізде ешқандай наз жоқ оған қатысты. Оның өмірі әлі алда. Ол кінәлі, бірақ, болар іс болды», - деп атап өтті ол.

Еске сала кетейік, жазатайым оқиға биыл 3 қаңтарда Астанадағы Жеңіс даңғылының бойында орын алды. Мақсат Шыңғысов өз көлігімен егде жастағы ер кісіні қағып кеткен еді. Қаза болған марқұм Қазақстанның құрметті теміржол қызметкері Жақсылық Ақпанов екені кейін анықталды.