Астанада жаяу жүргіншіні қағып кеткен жүргізуші тәуелсіздіктің 20 жылдығына байланысты рақымшылық алды

АСТАНА. 30 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Астанада жаяу жүргіншіні қағып кеткен жүргізушіге Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты рақымшылық жасалды, деп хабарлайды Астана қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі.

Астанада жаяу жүргіншіні қағып кеткен жүргізуші тәуелсіздіктің 20 жылдығына байланысты рақымшылық алды

«2011 жылдың 10 қазанында «ГАЗ-3302-288» маркалы автокөлігінің жүргізушісі Республика даңғылымен Ә.Молдағұлова көшесінен Мәскеу көшесіне қарай бет алып келе жатып, жаяу жүруші жолында адамның жоқ екеніне көз жеткізбей, абайсызда жаяу жүргіншіні қағып кетті. Салдарынан жәбірленуші ауруханада көз жұмды», - делінген ведомствоның таратқан мәліметінде.

ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес, аталған қылмыс онша ауыр емес қылмыстар санатына жатады және ол үшін 5 жылға дейін бас бостандықтан айыру жазасы қарастырылады.

2011 жылдың 28 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңның 4-бабына сәйкес, мұндай санаттағы істер ҚР қылмыстық іс жүргізу заңнамасында көзделген тәртіппен іс қозғаудан бас тартылуға және тоқтатылуға жатады.

Осыған байланысты, 2011 жылдың 23 қаңтарында Астана қаласы Сарыарқа ауданының № 2 сотының қаулысымен жүргізушіге қатысты қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды.

Аталған қылмыстық іс рақымшылық жасаумен байланысты соттармен қысқартылған алғашқы істердің бірі.