Астанада «Жайдарман» фестивалінің жоғарғы лигасының финалы өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен демалыста «Жастар» сарайында Астана қаласы «Жайдарман» фестивалінің жоғарғы лигасының біріншілігіне байланысты финалдық кездесу өтті, деп хабарлады astana.gov.kz.

Астанада «Жайдарман» фестивалінің жоғарғы лигасының финалы өтті

Финалға алты мықты команда қатысты, олардың арасында елорданың түрлі оқу орындарының өкілдері бар, олар: Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Жібек жолы», «Тұран-Астана» университетінің «Тұран-Астана» командалары, Экономика, тағам өндірісі және стандарттау колледжінің «Қорғалжын құрамасы», еркін құрама - «Энерго», Технология және бизнес университетінің «Астана арулары», С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің «Қаз АТУ құрамасы» бар. Көрсетілімдердің негізгі тақырыбы астаналық және студенттік өмір, оны командалардың әрқайсысы шығармашылықпен әрі жеңіл әзілмен аша білді.

Қатысушылар «Сәлемдесу», «Жамбы ату», «Ширату», «Музыкалық байқау» және «Қойылым» дәстүрлі байқаулары бойынша сынға түсті. Қазылардың пікірі бойынша, «Қорғалжын құрамасы» барынша көбірек ұпай жинады, екінші және үшінші орындарды «Жібек жолы» және «Тұран Астана» командалары бөлісті. Сонымен қатар көрермендер мен қазылардың пікірлері бойынша ең жақсы ойыншылар анықталды.