Астанада «Жайық-Урал» халықаралық тарихи экспедиция басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық музейде «Жайық-Урал-2016» халықаралық тарихи-мәдени экологиялық экпедициясы басталды. Іс-шара аясында экспедицияның 20 жылдық тарихын қамтитын «Жайық - достық өзені» атты фотосурет көрмесі ұйымдастырылған.

Астанада «Жайық-Урал» халықаралық тарихи экспедиция басталды

Экспедиция Жайық өзені бассейнінің экожүйесін, бай тарихи-мәдени құндылықтарды сақтап қалу проблемаларын, спортты, дене шынықтыруды, саламатты өмір салтын, патриоттық тәрбие беруді, ұрпақтар сабақтастығын, трансшекаралық ынтымақтастықты дамытуды насихаттау мақсатын ұстанады. 20 жыл ішінде экспедиция қатысушылары тек Жайық өзені ғана емес, сондай-ақ Орал бассейніндегі Самара, Елек өзендері бойынша бірнеше мыңдаған шақырым жүзіп өткен.

«Баршаңызды «Жайық-Урал» тарихи-мәдени экологиялық экспедицияның жол сапарға шығуымен құттықтаймын. Бүгін Орынбордан біраз қонақтар келіп отыр. Бір жыл емес, 20 жылдық тарихи бар экспедицияның жолы болсын. Бұл экспедиция шекаралас орналасқан екі мемлекеттің халықаралық деңгейдегі қарым-қатынасын нығайтуға да үлес қосады»,-деді Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов.

Іс-шараға ҚХА мүшесі, экспедицияның қатысушылары мен ардагерлері, ғылым мен творчество өкілдері, этномәдени ұйым өкілдері мен Орынбор облысы әкімшілігінің өкілдері қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, «Жайық-Урал» экспедициясы 1997 жылдың шілдесінде алғаш рет жолға шыққан еді.